Иван Федорович Омигов 1923 жылы Бұланды ауданының Макинск қаласында туып, 1966 жылы Ресей Федерациясының Воронеж қаласында дүниеден өтті. Макинск қаласындағы сегіз жылдық мектепті бітірген. Батырдың құрметіне орай Макинск қаласындағы №1 мектепке есімі берілді.
Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы, кіші лейтенант, ұшқыш Кеңес әскері қатарына 1941 жылы шақырылып, майданға 1942 жылы аттанды. Ол 1942 жылы ұшқыштар мектебін бітіріп, сол жылы қарашада жауға қарсы шайқасқа шықты. 828-авиациялық Свирь полкінде 1944 жылдың 20 маусымында Карелия майданының әскерлері шабуылды бастаған күні Иван Омигов Юксино темір жолы станциясына бомба тастап, шабуыл жасауға қатысты. Ол реактивті снаряд жаудырып, сондай-ақ, пулемет пен зеңбіректен оқты қарша боратып, 100 метрдей темір жол рельсін істен шығарды. 3 вагонды қиратып, көптеген жау әскерін жойды. Осындай ерлігі үшін Омиговқа 1945 жылдың 18 тамызында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Сондай-ақ, ол 2 рет Қызыл Ту, «Қызыл Жұлдыз», 1-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталды.
Соғыс аяқталған соң батыр Кеңес әскері қатарында қызметін жалғастырды. 1956 жылы әскери-әуе академиясын аяқтады. 1960 жылы подполковник шенінде запасқа шықты. 1966 жылы Воронеж қаласында қайтыс болып, Коминтерновск зиратында жерленді.