Мәлік Ғабдуллин 1915 жылы 15 қарашада бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында дүниеге келді. 1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдағаннан кейін Отан алдындағы әскери борышын өтейді.
Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанды. Генерал И.В.Панфиловтың 8-гвардиялық дивизиясында аға политрук болып, жауға қарсы шайқастарға қатысты. Мәлік өз ерлігімен Мәскеуді қорғауда жарқырап көзге түсті. 1942 жылы Новгород облысы Холм қаласының маңында болған ұрыста қазақтың ержүрек ұланы басқарған сарбаздар жаудың екі танкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алды. Мәліктің өзі жараланса да, ұрыс даласынан кетпеді. Осы көзсіз ерлігі үшін оған КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен 1943 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді.
Соғыстан кейінгі жылдарда да даңқты жерлесіміздің мұндай адамгершілік, қарапайымдылық, әділдік қасиеттері туралы дерек көп. Елге келісімен Мәлік Ғабдуллин ғылыми-педагогикалық жұмыстармен белсене айналысады. 1946-1951 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтында директорлық, ал, 1951-1963 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында ректорлық қызмет атқарады, одан әрі өмірінің соңғы күніне дейін Тіл және әдебиет институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі болады.